Украиналық режиссер, Ресей түрмесінде үш айға жуық уақыт аштық жариялап жатқан Олег Сенцовтың халі нашарлап кетті. Бұл туралы оның адвокаты мен туысы хабарлады.
Сенцовтың әпкесі, Мәскеуде тұратын журналист Наталья Каплан 8 тамызда Facebook-те Сенцовтың адвокаты арқылы беріп жіберген хатын алғанын жазды. Адвокат режиссерге бір күн бұрын барып қайтқан.
"Сенцовтың халі өте нашар. Ол орнынан тұра алмай қалғанын және өлім халіне жақындағанын жазған" деді Каплан.
Адвокат Дмитрий Динзе Сенцовқа барып келген соң оның 30 килограмм салмақ жоғалтқанын және жүрек соғысы баяулағанын айтады.
Сонымен қатар, 8 тамызда Мәскеудің орталығында Сенцовты және Ресейдегі басқа да саяси тұтқындарды дереу босатуды талап еткен үлкен баннер ілінді. Әлдебір белсенділер баннерді Мәскеу өзені үстіндегі Крымский көпіріне іліп кеткен.
Олег Сенцов 2015 жылы Ресейде Украинадан аннексияланған Қырым түбегінде теракт ұйымдастырмақ болды деген айыппен 20 жылға сотталған. Сенцов өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Адвокаттар мен құқық қорғаушылар оған қарсы істің қолдан жасалғанын айтады. Олег Сенцовтің өзі Путинге рақымшылық жасау туралы өтініш білдіруден бас тартқан.
4 мамырда Олег Сенцов өзін және Ресейдегі саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, түрмеде аштық жариялаған.