Сеул мен Пхеньян жаңа саммитке дайындалып жатыр

Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин (сол жақта) мен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын.

Сеул мен Пхеньян өкілдері Оңтүстік Кореяда келіссөз өткізіп, жаңа екіжақты кездесуге дайындықты бастады. Оңтүстіккореялық Yonhap агенттігінің хабарлауынша, жаңа кездесу 13 тамызда шекарадағы Пханмунджом елді мекенінде өтеді.

Агенттік мәліметінше, келіссөзде Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын мен Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Иннің 27 сәуірдегі саммитте қабылдаған декларациясын орындау жайы талқыланбақ. Бұдан өзге, тараптар келесі жоғары деңгейдегі кездесуге дайындықты да талқыламақ.

9 тамызда өткен кездесуде екі ел өкілдері 1950-1953 жылдардағы Корей соғысынан соң бөлініп кеткен теміржолдарды біріктіру және модернизациялауды, Пхеньян мен Сеулді жалғайтын көлік жолдарын қалпына келтіруді де талқылайды.

27 сәуірде Оңтүстік Корея аумағының шекара маңындағы Пханмунджом елді мекенінде Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея басшылары кездескен. Ким Чен Ын мен Мун Чжэ Ин екі ел арасындағы соғысты ресми түрде тоқтататын бейбіт келісімге қол қоймақ ниеті барын мәлімдеген. Пхеньямен Сеул Корей түбегінде ядролық қарудан арылу жұмыстары басталатынын жариялаған.

Ким Чен Ын 1953 жылдан бері Оңтүстік Кореяға бірінші рет барып отыр. 1953 жылы Корей соғысында бітім жасалғанымен, бейбіт келісімге әлі күнге дейін қол қойылмаған.