Журналист, "Взгляд" бағдарламасын жүргізушілердің бірі Александр Политковский әріптесі Дмитрий Захаровтың 1995 жылы ОРТ телеарнасының бас директоры болып тұрған Владислав Листьевті өлтіруді ендігі қайтыс болып кеткен олигарх Борис Березовский тапсырған деген сөзіне комментарий берді.
Политковскийдің РЕН ТВ телеарнасына айтуынша, Захаровтың пікірі - "жиі айтылатын теория және ондай болжамның болуы заңды да". Политковский Березовский сияқты қуғындағы адамға "барлығын жаба салу қашан да оңай" екенін айтады.
Александр Политковскийдің сөзінше, телеарнада жарнама беруді тоқтату шешімін Листьев емес, директорлар кеңесі қабылдаған. "Сондықтан, Листьевке оқ ату - теледидарға оқ атумен бірдей. Березовскийдің кісі өліміне қатысы барын дәлелдейтіндей тергеу жүргізілген жоқ. Мен бұған сенемін" деді Политковский.
Кеше тележурналист әрі "Взгляд" бағдарламасының бұрынғы жүргізушісі Дмитрий Захаров Владислав Листьевті өлтіруге тапсырысты Борис Березовский бергенін мәлімдеген. Захаров Листьевтің өлімін телеарна басшылығының телеарнаға жарнама жариялауда монополия орнатуымен байланыстырған. Захаровтың сөзінше, Листьевтің іс-әрекетінен Березовский жарнамадан түскен төрт миллиард доллардан алатын үлесінен айырылған.
Владислав Листьевті 1995 жылы 1 наурызда Мәскеудегі үйінің жанында өлтіріп кеткен. Қылмыс әлі күнге дейін ашылған жоқ.
1990 жылдары Ресейдегі ең ірі бизнесмендердің бірі болған Борис Березовский 2000 жылдардың басында Лондонға көшіп кетіп, Ресей президенті Владимир Путинді сынай бастаған. Ол өзіне қарсы істің саяси астары барын мәлімдеген. Березовский 2013 жылы белгісіз жағдайда көз жұмған.