Әзербайжанның оппозициялық "Республикашыл альтернатива" партиясының жетекшісі Ильгар Маммадов түрмеден босатылды. Жеті жылға сотталған Маммадов жазасының бес жылын өтеген.
Әзербайжанның солтүстігіндегі Саки қаласының апелляциялық соты 13 тамыз күні Ильгар Маммадовтың жазасының қалған бөлігін қысқартып, түрмеден босату туралы шешім шығарды. Сот сонымен қатар Маммадовқа екі жыл пробациялық бақылау тағайындап, осы мерзім ішінде елден шығуына тыйым салды. Маммадов адвокаты екеуі өзін "толық ақтауды" талап еткенін айтып, сот шешімін "толық жеңіс емес" деп атады.
Ильгар Маммадов 2013 жылы ақпанда тұтқындалып, Бакуден солтүстік-батысқа қарай орналасқан Исмаили қаласындағы тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деп айыпталған. 2014 жылы наурызда ол осы айыппен жеті жылға сотталған еді.
Оппозиция жетекшісі өзіне қарсы істің саяси астары барын мәлімдеген.
Биыл сәуірде "Республикашыл альтернатива" қозғалысы енді партияға айналғанын, бірақ мемлекеттік тіркеуден өтпейтінін мәлімдеген.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдері бірнеше жыл Әзербайжан билігін Ильгар Маммадов пен басқа да саяси тұтқындарды босатуға шақырған. Олар Бакуді тәуелсіз журналистер мен құқық қорғаушыларды үнемі қудалайды деп сынайды.
10 миллион халқы бар Әзербайжанда 2003 жылы әкесі қайтыс болар алдында билікке келген президент Ильхам Әлиев ол сындарды терістейді.