"Талибан" қозғалысы Ауғанстанның Тәжікстанмен шекаралас Ойхоним уезін басып алғаннан кейін, Тәжікстан жағы "Кокул" шекара бекетін уақытша жапты.
"Тәлибан" қозғалысы содырларының Ойхоним уезі мен ондағы шекара бекетін басып алғаны жөніндегі ақпаратты Ауғанстанның Тахор уәлаяты губернаторының баспасөз хатшысы Халил Асир мәлімдеді.
Оның сөзінше, қарулы қақтығыс кезінде 13 шекара сарбазы қаза тауып, жетеуі жараланған.
"Тәлібтер шекара бекеті мен кеден жабдықтарын басып алды. Қазір үкімет әскері қарсы шабуыл операциясына дайындалып жатыр", - деді Халил Асир.
Тәжікстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті шекара әскерінің баспасөз хатшысы Мұхаммаджон Улугходжаев тәжік-ауған шекарасында болып жатқан жағдай толық бақылауда екенін, шекарадан заңсыз өту әрекеттері болмағанын мәлімдеді.
Бірақ Куляб аймағының күш құрылымындағы дереккөздің мәліметінше, тәлібтер Ойхоним шекара бекетіне туларын іліп қойған.