Қырғызстан елге келетін туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы милиция құрғанын жариялады. Бұған дейін мұндай милиция бөлімдері Тәжікстан мен Өзбекстанда құрылған.
Қырғызстан Ішкі істер министрлігінің өкілі Замирбек Солтонгелдиев журналистерге "туристік милиция" 2018 жылдың соңына дейін құрылатынын айтты. Солтонгелдиевтің сөзінше, жаңа милиция бөліміне қызметкерлер ішкі істер органдары құрылымдарында өзгерістер жасалған соң қабылданады. Ол шетел тілін білетін кандидаттарға басымдық берілетінін айтты.
Тәжікстанда 29 шілдеде велосипедпен саяхаттап жүрген бір топ туристке топ адам шабуылдап, төрт шетелдік қаза тапқан соң билік туристерді қорғайтын милиция құрған. Туристерге шабуылды "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы мойнына алған.
Өздерін исламмен байланыстыратын содырлар бұған дейін Қырғызстанда да шабуыл жасаған. 2016 жылы Бішкекте бомба жасырылған көлік Қытай елшілігінің аумағына басып кіріп, жарылып, үш адам зардап шеккен.