Судья Ерімбетов пен адвокаттарын кездестірмеді

Кәсіпкер Ескендір Ерімбетов сот залында отыр. 3 тамыз, 2018 жыл.

17 тамыз жұма күні Алматының Медеу аудандық сотында кәсіпкер Ескендір Ерімбетовке қатысты "алаяқтық" бабы бойынша сот отырысы өтті. Отырыс басталар алдында судья Дәурен Мәукеев айыпталушыны залдан шығарып жіберді. Ерімбетовті залдан шығарып жіберу әрекетін судья Мәукеев "сот ғимаратында кездесуге тыйым салынады" деп түсіндірген. Бұған дейін тағы бір судья Тәкен Шәкіров айыпталушы мен оның адвокаттарына, қоғамдық қорғаушыларына сот залында кездесуге рұқсат берген еді. Шәкіровтің рұқсат бергені туралы сұраққа Дәукеев: "Ол бұдан былай рұқсат бермейді" деп жауап қайырды.

Сот басталған соң кәсіпкердің қоғамдық қорғаушысы Мырзахан Ерімбетов судья Тәкен Шәкіровтен судья Дәурен Мәукеевтің әрекетіне "заңсыздық" деп заң бойынша баға беруін талап етті. Шәкіров әріптесінің әрекетін қолдап, "сот залында кездесуге болмайды" деді.

Бұдан соң судья кезекті куәгерден жауап алды. 47 жастағы Ерімбетовке "алаяқтық" бабы бойынша 208 миллион теңге көлемінде жеті айып тағылған.

Ерімбетов 2017 жылдың қараша айынан бері қамауда отыр. "Алаяқтық" бабы бойынша іс 14 маусымда басталған. Ал "ақша жылыстату" туралы екінші айыпқа қатысты тергеу әлі жалғасып жатыр. Екінші істе қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов пен Ерімбетовтің әпкесі, Әблязовтің заңгері болған Бота Жәрдемәлінің аттары аталған.

Кейбір құқық қорғау ұйымдары Ескендір Ерімбетовке байланысты істің саяси астары бар деп мәлімдеген. Қазақстан билігі бұл мәлімдемені теріске шығарады.