Ресейде терроризм айыбы бойынша сотталған украиналық режиссер Олег Сенцов 100 күннен бері үзіліссіз аштық жариялап жатыр. Ол Ресей түрмесінде отырған украиналық саяси тұтқындардың бәрін босатуды талап етеді.
Бүгін Ресей мен Украинаның бірнеше қаласында Сенцовты қолдау акциялары өтпек. Чех киноматографистері Сенцовтың аштық акциясына орай наразылық білдірген.
Сенцов 14 мамырдан бері аштық жариялап жатыр және "соңына дейін баратынын" айтқан. Екі апта бұрын оның әпкесі Сенцовтың жағдайы "өте ауыр" екенін, "орнынан тұра алмайтынын" мәлімдеген.
14 тамызда Кремль Сенцовтың анасының ұлына кешірім беру туралы өтінішін кері қайтарып, "мұндай өтінішті сотталушының өзі беруі керек" деп жауап берді. Режиссер әзірге ондай өтініш жазбаған.
Сенцовқа әлемнің жүзден аса мәдениет қайраткері қолдау білдірді. Олар "БҰҰ мен ЕО ресми тұлғаларын Ресейге қысым жасап, режиссерді босатып алуға" шақырған еді.
Олег Сенцов 2015 жылы Ресейде Украинадан аннексияланған Қырым түбегінде теракт ұйымдастырмақ болды деген айыппен сотталған. Сенцов өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Адвокаттар мен құқық қорғаушылар оған қарсы істің қолдан жасалғанын айтады.