АҚШ пен Қытайдың бір-бірінен импорттайтын кейбір тауарларға енгізген 25 пайыздық баж салығы 23 тамыздан бастап күшіне енді.
Екі ел билігі өкілдері Вашингтонда кездесіп, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда-саттық жанжалын реттеу жайын талқылағанымен, келіссөзден еш нәтиже шықпады. АҚШ бұған дейін Қытайдың технологиялық саясатын сынап, қытайлық компанияларды америкалық жоғары технология жетістіктерін ұрлайды деп айыптаған. Вашингтонның пікірінше, Пекиннің индустриялық даму жоспарлары Қытайдың халықаралық деңгейде өзіне алған еркін сауда жасасу жөніндегі міндеттемесін бұзады.
Екі ел бұған дейін бір-бірінен импорттайтын тауарларға 16 миллиард доллардың баж салығы салынатынын жариялаған. Қытай АҚШ-тың автомобиль мен құрыш импортына салық салса, АҚШ Қытайдан зауытқа арналған құрылғылар мен олардың қосалқы бөлшектерін импорттауға баж салығын енгізген.
АҚШ президенті Дональд Трамп алғаш 6 шілдеде Қытайдан импортталатын 34 миллиард доллардың тауарына 25 пайыздық баж салығын енгізген. Ол бойынша, өнеркәсіп тауарларына – ауыл шаруашылығы соқаларынан бастап ұшақ құрастыруға пайдаланылатын электроника заттарына дейін салық салынады.
Қытай бұған жауап ретінде дәл осындай сомадағы АҚШ-тан импортталатын тауарларға салық салған. Қытай АҚШ-ты Дүниежүзілік сауда ұйымының ережелерін бұзып отыр деп айыптап, шиеленісті заңды жолмен шешетінін мәлімдеген.