Соңғы жылы Ресейде кейбір жекелеген ұлт өкілдерінің елде тұруына қарсы ресейліктер саны күрт өсті. "Ведомости" басылымының хабарлауынша, бұл дерек "Левада-центр" орталығы жүргізген сауалнамадан белгілі болған.
"Ұнамсыз" этностар рейтингінің басында сығандар тұр. Сауалнамаға жауап бергендердің 32 пайызы бұларды ұнатпайтынын білдірген. Былтыр бұл көрсеткіш 17 пайыз болған. Сауалнамаға қатысқандардың 31 пайызы қытайлықтарды, 26 пайызы вьетнамдықтарды "ұнатпайтынын" айтқан. Былтыр бұл көрсеткіш 15 және 12 пайыз болған.
Сонымен қатар, "Ресей - орыстар үшін" идеясын қолдайтын ресейліктер саны 10 пайыздан 19 пайызға ұлғайған. Сауалнамаға қатысқандардың үштен бірі пәтер жалға беру немесе жұмысқа алу туралы нәсілдік тұрғыдан кемсітетін хабарландыруларды мақұлдайтынын білдірген. Бұған қоса, үкімет мигранттар қабылдауды шектеуі тиіс деген пікірді ұстанатындар көрсеткіші 58 пайыздан 67 пайызға ұлғайған.
"Сова" орталығының директоры Александр Верховскийдің пікірінше, ксенофобиялық көңіл-күй алда экономикалық қиындықтар болады деген болжамға байланысты күшейіп отыр.