Мирзияев президент аппаратын қайта құрды

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев

Өзбекстан президентінің баспасөз қызметінде істейтін дерек көзі Азаттықтың Өзбек қызметіне билік институтының қайта құрылымдалып жатқанын мәлімдеді. Жаңа саясатқа сәйкес "президент аппараты" "президент администрациясы" болып өзгерген. Дерек көзінің сөзінше, администрация жетекшісі қызметіне бұған дейін мемлекет басшысының орындаушы аппаратын басқарған Зайнобиддин Низомиддинов тағайындалған. Ал мемлекеттік кеңесшілер институты президент кеңесшілері болып өзгерді.

27 тамыз күні Ташкентте президент Шавкат Мирзияев басшылық еткен жиыннан соң Өзбекстан президенті администрациясының құрылымы өзгеретіні белгілі болған.

Өзбекстан президентінің жастар саясаты жөніндегі мемлекеттік кеңесшісі, Орталық жастар одағының төрағасы Кахрамон Куранбаев президент администрациясының ғылым, білім, денсаулық және спортты дамыту мәселелері бойынша қызмет жетекшісінің орынбасары болды. Президенттің мәдениет, баспа және шығармашылық ұйымдар жөніндегі тағы бір кеңесшісі Хайриддин Султанов басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен кеткен.

Оқи отырыңыз: Арнайы қызметтің экс-төрағасы сенаторлар тізіміне ілінбеген

Kun.uz интернет басылымы өз дерек көздеріне сілтеме жасап хабарлауынша, Султанов президент Шавкат Мирзияевтің спичрайтері болады. Оның бұрынғы жұмысын уақытша Абдужабар Абдувахитов атқарады.

Бұған дейін "Озодлик" Өзбекстандағы мемлекеттік арналарда бұрынғы президент Ислам Каримовтың атын атауға тыйым салынғанын, оған Хайриддин Султанов бұйрық бергенін хабарлаған.

Ферғана облысында өткен селекторлық отырыста Шавкат Мирзияев өзінің мемлекеттік кеңесшісі Кахрамон Куранбаевты сынаған. Кеңесшісінің атын атамаған президент оның Ферғана облысында үйлену тойы кортежін тоқтатып, жас жұбайларды таксиге отырғызып жіберген әрекетін сөккен.

Бұдан бөлек, бұрынғы мемлекеттік кеңесшілер Рустам Касимов, Рустам Инаятов, Виктор Махмудов (Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы) және Турсинхон Худейбергенов президент кеңесшісі болып тағайындалған. Ал Ислам Каримовтің дәуірінде, кейін Шавкат Мирзияевтің кезінде президент аппаратын басқарған Зелимхан Хайдаровтың Өзбекстан президенті администрациясында қалған-қалмағаны белгісіз.