Вашингтонда Джон Маккейнмен қоштасып жатыр

Сенатор Джон Маккейнмен қоштасуға жиналғандар. Капитолий, Вашингтон, 31 тамыз 2018 жыл.

Жұма күні Вашингтонда сенатор Джон Маккейнмен қоштасу рәсімі басталды. Тамыздың 25-і күні Аризона штатында 81 жасында қайтыс болған марқұмның денесі салынған табыт АҚШ астанасына жеткізіліп, қоштасу үшін Капитолий Ротондасына қойылды.

Аризона штаты атынан Конгресте 30 жылдан артық уақыт сенатор болған саясаткермен қоштасуға Конгресс лидерлері, екі партияның өкілдері, соның ішінде Маккейннің Республикалық партия бойынша әріптестері – Өкілдер палатасының спикері Пол Райан және Сенаттағы көпшілік жетекшісі Митч Макконнелл келді. Қоштасу рәсіміне АҚШ вице-президенті Майк Пенс те барды, ол Джон Маккейннің 106 жастағы анасы Роберта Маккейнге көңіл айтты.

Оқи отырыңыз: Саяси қайраткерге айналған соғыс ардагері

Вице-президент Пенс сенатор Маккейн туралы сөз сөйлеп, Отанына істеген қызметі туралы айтты. АҚШ президенті Дональд Трамп қоштасу рәсіміне келген жоқ. Президент жерлеу рәсіміне де қатыспайды. Көзі тірісінде Трампты қатты сынаған Маккейн өзін жерлеу рәсіміне АҚШ-тың қазіргі президентін шақыруға тыйым салып өсиет қалдырғаны туралы бұған дейін америкалық басылымдар хабарлаған.

Маккейн қайтыс болған соң Дональд Трамп марқұмның отбасына Twitter әлеуметтік желісі арқылы көңіл айтқан.

Сенбі күні Капитолийда марқұмды алу жиыны өтеді. Оған кезінде президент сайлауларында Маккейнмен бәсекелес болған АҚШ-тың екі экс-президенті – кіші Джордж Буш пен Барак Обама да шақырылған.

Қыркүйектің 2-сі күні Джон Маккейнді Аннаполис қаласындағы (Мэриленд штаты) өзі оқыған әскери-теңіз күштері академиясының зиратына жерлейді.