Парламенттің төртінші сессиясы ашылды

Қазақстан президент Нұрсұлтан Назарбаев 6-is шақырылымдағы Қазақстан парламентінің 4-сессиясының ашылуында сөйлеп тұр. Астана, 1 қыркүйек 2018 жыл.

Қыркүйектің 1-і күні Астанада алтыншы шақырылымдағы Қазақстан парламентінің төртінші сессиясы ашылды деп хабарлайды Азаттық тілшілері.

Парламенттің қос палатасының бірлескен сессиясының ашылуына Сенатты 45 депутаты мен Мәжілістің 106 депутаты, президент Нұрсұлтан Назарбаев, үкімет мүшелері, Мемлекеттік хатшы, президент әкімшілігінің жетекшісі, Жоғарғы Сот пен Конституциялық Кеңес төрағалары,Орталық сайлау комиссиясы жетекшісі және өзге де адамдар қатысып отыр.

Парламенттің жаңа сессиясын ашқан Назарбаев үкіметтің алдына бірқатар міндеттер қойды. Ол тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы қордаланған мәселелерді шешу қажеттігіне назар аударып, бұған дейін өзі жария еткен "7-20-25" бағдарламасы бойынша тұрғындарға баспана алу үшін алғашқы несиелер беріле бастағанын атап өтті. Сонымен бірге президент биыл елде талапкерлер үшін қосымша 20 мың білім гранты берілгені, 70 мың орындық жатақхана құрылысына дайындық аяқталғаны, кей өңірлерде жұмыстар басталғаны туралы хабарлады.

"Жаңа жылдан бастап жалақысы төмен азаматтардың табыс салығы 10 есеге азаяды" деп мәлімдеді Назарбаев.

Президент экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық заңнаманы одан ары ізгілендіру қажеттігін, құқық қорғау саласы халық тарапынан көп сыналатынын айтты.

- Заңдарымыздың толық үстемдігінің жоқтығы туралы азаматтарымыздың арыз-шағымдары, құқық қорғау органдарының азаматтарға деген қарым-қатынасы көңіл көншітпейді. Осы бағытта тағы жұмыс жасауымыз керек, - дейді Назарбаев.

Президент Түркістан облысының қалыптасуына лайықты назар аудару қажеттігі туралы да айтты.