Түрік президенті Ердоған Бішкекке келді

Түркия президенті Режеп Ердоған (сол жжақта) мен Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков. Бішкек, 1 қыркүйек 2018 жыл.

Сенбі күні Қырғызстан астанасына екі күндік ресми сапармен Түркия президенті Режеп Ердоған келді деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Түрік президентін "Манас" халықаралық әуежайында Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков күтіп алды. Бұдан соң екі президент кездесуде Қырғызстан мен Түркия арасындағы әріптестік жайын талқылаған.

Жээнбеков қырғыз-түрік әріптестігінің жаңа бағыттары мен келісімдерді жоғары деңгейге көтеру жөнінде келіссөздер өткенін айтқан. Ердоған екі ел арасындағы сауда көлемін ұлғайтуға басымдық беру, әуе қатынасын көбейту қажеттігіне назар аударған.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Сооронбай Жээнбеков пен Режеп Ердоған бірқатар екіжақты келісімдерге қол қояды.

Бұл жолғы сапарында Ердоған Қырғызстан премьер-министрі Мұхаммедкалый Абылгазиев және Жогорку Кеңеш төрағасы Дастан Жұмабековпен кездеспек.

Жексенбі күні Қырғызстан мен Түркия президенттері екі елдің іскерлерінің бизнес-форумына қатысады, "Манас" қырғыз-түрік университетіне барады, сонымен бірге Бішкекте жаңадан салынған орталық мешіттің ашылуында болады деп жоспарланған.

Сонымен бірге Ердоған үшінші Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ашылу рәсіміне және түркітілдес елдер басшылары кеңесінің жиынына қатыспақ.