Мьянма соты Reuters агенттігінің тілшілері, биліктің мұсылман рохинджаларды қудалағаны туралы жазған журналистер Ва Лон мен Куа Сое Ууды жеті жылға соттады. Сот оларды "мемлекеттік құпия туралы заңды бұзды", яғни, рохинджаларға қарсы операция туралы құпия құжаттарды жариялады деп айыптады.
2017 жылдың соңынан бастап Мьянманың батысындағы Ракхайн штатында полиция мен армия полицияға шабуыл жасалғаны үшін әскери "кек алу акциясы" аясында жүздеген мұсылман рохинджаны қырып тастаған. Содан бері 700 мыңға тарта рохинджа көрші Бангладешке және Бенгал түбегіндегі кісі тұрмайтын аралға босып кеткен. Олар содан бері босқындар лагерлерінде антисанитарлық жағдайда тұрып жатыр.
Мьянма билігі бұған қоса "терроризм" айыбымен жүзге жуық рохинджаны ұстаған. Мьянмадан бассауғалаған рохинджалар полиция мен әскерилердің мыңдаған адамды өлтіріп, елді мекендерді өртегенін, өздерін аяусыз жазалап, азаптағанын айтқан. Журналистер осы тақырыптарды қамтығаны үшін былтыр желтоқсанда ұсталған.
Мьянмадағы рохинджалардың жай-күйін зерттеген БҰҰ сарапшылары өткен аптада қорытынды есебін жариялаған. Онда "Ракхайн штатындағы қылмысты ауқымы мен қатыгездігі жағынан геноцид деп атауға болады" деп жазылған.
Баяндама авторлары Мьянма армиясының қолбасшысы Мин Аунг Хлаин мен тағы төрт генерал рохинджаларды қудалағаны үшін геноцид айыбымен жауапқа тартылуы тиіс деп санайды. Сарапшылар Мьянма әскерилерін Халықаралық қылмыстық сотта немесе арнайы трибунал құрып соттауды ұсынады.
Қазақстан бұған дейін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Мьянма билігін елдегі мұсылман рохинджаларға қатысты проблеманың "түп себептерін" жоюға барынша күш салуға шақырған.