Украинада НАТО әскерімен бірге Rapid Trident-2018 халықаралық әскери жаттығуы басталды.
Украина Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, ел тарихындағы ең ірі әскери жаттығуға барлығы 14 мемлекет - НАТО-ға мүше 10 ел (АҚШ, Болгария, Германия, Дания, Канада, Литва, Румыния, Польша, Түркия, Ұлыбритания) мен 4 серіктес ел (Әзербайжан, Грузия, Молдова және Украина) қатысып жатыр.
Украина бұл шараға екі мыңнан астам әскери қызметкері мен 350 әскери техникасын жұмылдырған. Әскердің көбі Донбасстағы соғысқа қатысқан. Жаттығуға қатысушылар әскери, логистикалық және гуманитарлық сипаттағы тапсырмаларды орындау машығын пысықтайды. Жаттығу екі аптаға созылады.
Украинамен бір уақытта Грузияда да Agile Spirit-2018 деп аталатын он күндік әскери жаттығу басталды. "Сенаки" базасындағы жаттығуға НАТО-ға мүше және серіктес он елдің әскери бөлімдері қатысып жатыр. Бұл базаны 2008 жылы тамызда Абхазия аймағынан Грузияның батысына басып кірген Ресей армиясы жойып жіберген еді.