Фердаусиде қыздарының орамал шешуіне қарсы ата-аналар мектепке жиналды

Оқушы қыздарының мектепке орамал тақпай баруына қарсы ата-аналар Фердауси мектебінің алдында жиналып тұр. Фердауси ауылы, Мақтаарал ауданы, Түркістан облысы, 4 қыркүйек 2018 жыл.

Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы Фердауси ауылында Фердауси атындағы орта мектеп алдында орамал тағатын қыздарын қыркүйектің басынан бері мектепке кіргізбеуге наразылық танытқан 30 шақты ата-ана жиналып тұр. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, мектеп маңында полицейлер мен полиция көліктері тұр. Наразы ата-аналарды мектепке кіргізбей жатыр.

Ата-аналар бастауыш сыныпта оқитын қыздардың орамалдарын шешуіне қарсы емесін, тек жоғары сыныпта оқитын қыздардың мектепке орамалсыз баруына наразы екенін айтады.

Фердауси ауылындағы мектеп маңында тұрған полиция көлігі. Фердауси ауылы, Түркістан облысы, 4 қыркүйек 2018 жыл.

Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлованың Азаттық тілшісіне айтуынша, мектепте жоғары сыныпта оқитын және орамал тағатын 200 қыздың 35-і, бастауыш сыныпта оқитын 139 оқушының 129-ы орамалын шешкен.

Әкім орынбасары білім және ғылым министрінің мектеп формасы туралы бұйрығына сай, 1 қыркүйектен бастап оқушылардан орамалды шешуді талап етіп жатқанын айтады. Аудандық әкімдік түсіндіру жұмыстарын жүргізетін арнайы штаб құрған.

Әзірге мектеп басшылығы ата-аналармен сөйлесуге сыртқа шықпады.

Министр Ерлан Сағадиевтің пікірі:

3 қыркүйекте Фердауси атындағы жалпы орта мектепте мектеп басшылығының сабаққа орамал тағып келген оқушы қыздарды мектепке кіргізбей қойғаны хабарланған еді. Әлеуметтік желіде өзін "орамал тағатын оқушы қыздардың бірінің бауырымын" деп таныстырған қолданушы Фердауси мектебінің алдында орамал таққан ондаған оқушыны мектеп басшылығы мен полицей формасындағы адамдардың мектепке кіргізбей тұрғаны туралы видео жариялаған.

Түркістан облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі өкілінің Азаттыққа айтуынша, биыл жазда арнайы топ ата-аналар арасында бұл мәселеге қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізген. "Заң бәріне бірдей, біз заң аясында жұмыс істеп жатырмыз" деді баспасөз қызметінің өкілі.

Фердауси ауылындағы орамал дауы былтыр да болған. Бұл ауыл Шымкент қаласынан шамамен 300 километр қашықта орналасқан. Ауыл тұрғындарының барлығының дерлік ұлты – тәжік, оқу орны да тәжік мектебі. Мұнда оқушы қыздар орамалды "ұлттық дәстүрге байланысты тағады".

Қазақстанның кей аймақтарында оқушы мектепке орамал тағып келуі мен оларды мектепке кіргізбеу былтырдан бері даулы мәселеге айналған.

Даудың басы білім министрлігі 2016 жылы қаңтарда шығарған мектеп формасы ережесі туралы №26 бұйрығы болып отыр. Онда мектепте қандай да бір дінді насихаттайтын киім киюге тыйым салынған.