Ресейдің Федералдық ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау қызметі (Россельхознадзор) Орынбор облыстық басқармасы 31 тамыз бен 3 қыркүйек аралығында Ресей-Қазақстан шекарасының "Маштаково" өткізу бекетінде Ресей аумағына бес рет жүз тонна карантин жарияланған өнімді өткізбек болған әрекеттің жолын кескен. Бұл туралы 4 қыркүйекте Россельхознадзордың ресми сайтында хабарланды.
"Тексеру кезінде Орынбор облысына фитосанитарлық сертификаты жоқ 20 тонна асқабақ, фитосанитарлық құжаты жарамсыз 80 тонна қауын мен жүзім жеткізілгені анықталды" делінген хабарламада.
Карантинге қатысты заң талаптарына сай, Қазақстаннан Ресей аумағына карантиндік өнімдерді кіргізуге тыйым салынып, кінәлілер әкімшілік жауапқа тартылған.
Билік өкілдерінің қадағалауымен аталған көкөністер Ресейден Қазақстанға кері қайтарылған.
Тамыздың басында Россельхознадзор Қазақстан Ресейге карантиндегі тауарларды жеткізуде Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) мен Ресейдің фитосанитарлық талаптарын жиі бұза бастағанын мәлімдеген.