Ресей әскери ұшақтары Идлиб провинциясын бомбалады

Идлиб провинциясындағы бомбалаудан кейінгі көрініс. Сирия, 4 қыркүйек 2018 жыл.

Ресей және Сирия әскери ұшақтары қыркүйектің 4-і күні Идлиб провинциясын, сонымен бірге Хама провинциясының солтүстік аудандарын бомбалады. Сирия қарулы оппозициясының мәліметі бойынша, Ресейдің үш әскери ұшағы аталған аймақтарға ондаған соққы жасады.

Әуе соққысынан бірнеше сағат бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Сирия, Ресей және Иранды Идлиб провинциясына шабуылдаудың "ірі гуманитарлық қателік" болатынын ескерткен. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл ескертуді елемей, Идлиб провинциясын "терроризм ошағы" деп атаған.

Біріккен штаб қолбасшылары комитетінің төрағасы Джозеф Данфорд Идлибке шабуыл жасауға қарсы шығып, оның орнына нақты терроршыларды нысанаға алатын контртеррорлық операциялар жасауды ұсынған.

Америкалық және еуропалық шенеуніктер Сирия үкіметінің Идлибті басып алу операциясына алаңдайтынын білдірген. АҚШ қорғаныс министрлігі Идлибте химиялық қару қолданылған жағдайда Сирия үкіметіне жауап шаралары қолданылатынын ескерткен. Америкалық БАҚ-тың ақпараты бойынша, Пентагон Сириядағы соққы беруі ықтимал нысандарды ендігі белгілеп қойған.