"Гүлнара Каримоваға пара берген" Telia экс-басшыларының соты басталды

Гүлнара Каримоваға пара берді деп айыпталған Telia компаниясы экс-басшыларының ісі қаралып жатқан сот. Стокгольм, 4 қыркүйек 2018 жыл.

Стокгольмде Telia (бұрынғы TeliaSonera) телекоммуникация компанясының бұрынғы басшыларына қатысты сот басталды. Компания экс-басшылары Өзбекстан тұңғыш президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримоваға 350 миллион доллар пара берді деп айыпталып отыр.

Сотқа Telia компаниясының бұрынғы атқарушы директоры Ларс Нюберг, 2003-2007 жылдары компанияның қаржы директоры және вице-президент қызметтерін атқарған Теро Кивисаари, бұрынғы бас кеңесші Ули Туима тартылған. Оларға Гүлнара Каримоваға 350 миллион доллар көлеміндегі параны Telia-ны (жергілікті бренд атауы - Ucell) Өзбекстан нарығына кіргізу үшін берген деген айып тағылған.

Оларды Швецияның белгілі адвокаттары қорғайды. Прокуратура компания басшыларын ант беру арқылы сұрауды талап етті. Адвокаттар мұндай әрекеттің қажеті жоқ екенін айтанымен, сот прокурор талабын қанағаттандырды. 11-14 желтоқсанда Стокгольм сотында прокурорлар мен адвокаттардың соңғы баяндамасы тыңдалады. Сот үкімі 2019 жылы қаңтар-ақпан айларында шығарылады.

2015 жылы Швеция, Швейцария және АҚШ Гүлнара Каримоваға қатысты қылмыстық іс қозғаған.