Фердаусиде орамалын шешуден бас тартқан 7 оқушы қыз мектептен шықты

Мектепке орамалын шешіп келуден бас тартқан қыздар мектепке кіре алмай тұр. Фердауси ауылы, Түркістан облысы, 5 қыркүйек 2018 жыл.

Түркістан облысының Мақтарал ауданында Фердауси атындағы мектепте орамалын шешуден бас тартқан жеті оқушы қыздың ата-анасы мектептен қыздарының құжаттарын алып кетті. Бұл туралы Азаттыққа мектеп директоры Жанар Мамырова хабарлады.

Жанар Мамырованың айтуынша, мектептегі жоғарғы сыныптарда оқитын 203 оқушы қыздың 10-ы орамалын шешуден бас тартып отыр. Жаңа оқу жылы басталғалы орамалын шешуге келіспеген жеті қыздың ата-анасы мектептен қыздарының құжаттарын алып, басқа оқу орнына орналастырған.

- Орамалын шешуге келіспей сабаққа келмеген 10 оқушының екеуі ауырып жатқаны белгілі болды. Біреуі басқа мектепке ауысуына байланысты құжаттарын рәсімдеп отыр. Төртеуінің ата-анасына Түркістан облыстық білім саласындағы бақылау департаменті айыппұл салған. Қалған үш оқушы және олардың ата-анасымен жұмыс жүргізіліп жатыр, - дейді мектеп директоры.

Түркістан облыстық білім басқармасы "Фердауси мектебіндегі жағдай бірқалыпқа түскенін" және әлі де түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Қыздарының мектепке орамалын шешіп баруына қарсылық білдіргені үшін Мақтарал аудандық ішкі істер бөлімінен шақырту алған сегіз ата-анаға байланысты Азаттық сұрағына облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі ресми сауал жолдауды сұрады.

Қыркүйектің 6-сы күні Фердауси ауылында мектепке орамалын шешіп барудан бас тартқан 13 оқушы қыздың ата-анасына бес айлық есептік көрсеткішке (бір айлық есептік көрсеткіш - 2405 теңге) тең айыппұл салынған.

Фердаусиде хиджаб дауы жалғасты

​Фердаусидегі орамал дауы білім және ғылым министрлігінің 2016 жылы қаңтарда шығарған бірыңғай мектеп формасы ережесі туралы №26 бұйрығынан кейін туындай бастаған. Билік бұйрықтың орындалуын талап етсе, ата-аналар дәстүрді алға тартып, қыздарының мектепке орамалсыз баруына қарсы шығады.

Министрлік бұйрығы былтыр күзде Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында да кейбір мектеп әкімшілігі мен ата-ана арасындағы "орамал дауына" себепші болған. Аталған аймақтарда мектеп әкімшілігі сабаққа кіргізбей қойған ондаған оқушының ата-анасы сотқа арыз берген. Тұрғындар шағымын қараған соттар Білім және ғылым министрлігі мен мектептің ұстанымын қолдаған.