БҚО: Полицейді жұмыс орнында өлтіріп кету оқиғасы тергеліп жатыр

Мамандандырылған күзет қызметі взвод командирін өлтіріп кеткен соң аудандық ішкі істер бөлімін қоршап тұрған полиция қызметкерлері. Ақжайық ауданы, Батыс Қазақстан облысы, 6 қыркүйек 2018 жыл.

Батыс Қазақстан облысында ішкі істер министрлігі мамандандырылған күзет қызметінің 32 жастағы взвод командирін жұмыс орнында өлтіріп кетті. Облыстық ішкі істер департаментінің хабарлауынша, оқиға Ақжайық ауданының орталығы Чапаев кентінде 6 қыркүйек күні күндіз болды.

Департамент баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы оқиға аудандық ішкі істер бөлімінде болды. Взвод командирінің өліміне мамандандырылған күзет қызметінің 24 жастағы сержанты күдікті деп танылып отыр. Күдікті қамауға алынып, "кісі өлімі" бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Батыс Қазақстан облыстық (БҚО) ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Ибрагим Жүсіпқалиев Азаттыққа кісі өліміне басшы мен қарамағындағы қызметкер арасындағы кикілжің себеп болуы мүмкін деген болжам барын хабарлады.

Ішкі істер министрлігінің мамандандырылған күзет қызметі мемлекеттік маңызы бар нысандар мен азаматтарды күзетеді.