Сүлейменов: Санкцияға қатысты іс-қимыл жоспарын дайындадық

Көрнекі сурет.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Қазақстан экономикасы АҚШ-тың Ресейге салған санкциясының "кез-келген салдарына дайын екенін" мәлімдеді. Астанада өткен брифингте министр Ресейге қарсы санкциялардың Қазақстан экономикасына әсеріне макроэкономикалық талдау жасалғанын айтты. Оның сөзінше, санкция Қазақстанда ең алдымен валюта бағамына әсер етеді.

"Негізгі әсер алдымен рубльдің долларға шаққандағы, сосын теңгенің долларға және рубльге шаққандағы бағамынан сезіледі. Біз макроэкономикалық және жекелеген салалар бойынша да талдау жасадық. Бұдан басқа, біз санкцияның кейбір кәсіпорындарға қалай ықпал ететінін де сараладық" деді Сүлейменов.

Министрдің сөзінше, санкцияның қандай да бір теріс әсері байқала бастаған жағдайда қолданатын іс-қимыл жоспары дайындалған. "Іс-қимыл жоспары ауқымды, оны толық айта алмаймын. Дегенмен, онда санкция ықпалына ұшырай қалған салалар мен кәсіпорындарды қолдауға қатысты жайттар бар" деді ұлттық экономика министрі.

Тимур Сүлейменов биыл теңгенің болжамды құлдырау шегі 6-7 пайыздан аспайтынын айтады. "Қазір сегіз айдың қорытындысы бойынша, инфляция 6 пайызға тең болып тұр. Яғни, біз меженің ортасындамыз. Жалпы ішкі өнім көлеміне қатысты қандай да бір өзгеріс болады деп ойламаймын" деді министр.

АҚШ-тың таяуда Ресейге жаңа санкциялар салуына байланысты Ресей рублінің құны төмендей бастаған. Осыдан кейін Қазақстан ұлттық валютасы - теңгенің долларға шаққандағы бағамы да төмендей түсті. Қазақстан қор биржасында 7 қыркүйекте күндізгі сессияда доллардың орташа бағамы 375 теңге 62 тиынға жетті. Биржа мәліметінше, доллар соңғы бір айда 27 теңге 3 тиынға қымбаттап отыр.

4 қыркүйекте үкімет отырысында сөйлеген Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев келесі жылы Ресейге қарсы санкциялар әсерінен Қазақстанда инфляция деңгейі жоғарылайды деген болжам барын мәлімдеген.

Қазақстан қаржы министрі Бақыт Сұлтанов кеше Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға "тікелей әсері жоғын" айтқан еді. Оның сөзінше, керісінше осындай кезде қазақстандық тауар өндірушілердің Ресей нарығына шығуына мүмкіндік туады.