Мәскеу мен Петербургте полиция шерушілерді сабады

Полиция наразылық шеруіне шыққандарға күш қолданып жатыр. Мәскеу, 9 қыркүйек 2018 жыл.

Жексенбі күні Мәскеуде полиция мен зейнетақы реформасына қарсылық акциясына шыққандар арасында қақтығыстар болды деп хабарлайды Азаттықтың Орыс қызметі. Қақтығыс Большая Дмитровка көшесінде болған. Құқық қызметкерлері Пушкин алаңынан Кремльге қарай бет алған шерушілерге күш қолданған.

Наразылық шеруіне шыққандар полицияға бөтелкелер лақтырған. Билік өкілдері бірнеше бала мен әйелді ұстап әкеткен.

Оқиға орнында болған Азаттық тілшісі полицияның кемінде 10 адамды арнайы көлікке отырғызғанын көрді. Ұсталғандардың арасында оппозиционер Алексей Навальныйдың Мәскеудегі штабының белсендісі Олег Степанов та бар. Наразылар мен полиция арасында болған қақтығыс кезінде "Дождь" телеарнасының тілшісі зардап шеккен. RTVi арнасы өз фототілшісі полицияның іс-қимылынан зардап шеккені туралы хабарлаған.

Санкт-Петербургте зейнетақы реформасына қарсылық акциясына шыққан азаматтарға полиция күш қолданған. Құқық өкілдері белсенділерді ұрып-соғып, қарттар мен балаларды ұстап, жиналған жұртты тарату үшін түтіндегіш заттар лақтырған.

"МБХ Медиа" Telegram-арнасында жариялаған видеода Ресей туын ұстап шеруге шыққан адамды екі полиция қызметкерінің ұрып жатқаны көрсетілген. "Дождь" телеарнасының ақпараты бойынша, құқық өкілдері кәмелетке толмаған балаларды да ұстаған.

Мәскеу билігі наразылық акциясын өткізуге келісім бермеген, Санкт-Петербургте билік әуелі келісім бергенімен, кейін оны кері қайтып алған.

Бүгін Ресейдегі ондаған қалада үкіметтің зейнетақы реформасына қарсылық акциялары өткен. Полиция наразылық шеруге шыққандар арасынан ондаған адамды, солармен бірге кей қалаларда Алексей Навальныйдың жергілікті штабы қызметкерлерін ұстап әкеткен.