Түркістан облысы Шардара ауданының Достық ауылында бір адам мерт болып, екі адам жараланған төбелеске қатысы бар тағы алты күдікті анықталды. Бұл туралы Азаттыққа облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова хабарлады.
Салтанат Қаракөзованың айтуынша, бұған дейін қамауға алынған күдіктілердің бірі - Түркістан облысының, екіншісі - Шымкент қаласының тұрғыны. Шымкент тұрғынынан айғақ зат ретінде аңшы мылтығы алынған. “Бұл іске қатысы бар делінген тағы алты адам анықталды. Күдіктілер іздестіріліп жатыр" дейді баспасөз хатшысы.
Қыркүйектің 7-сі күні Шардара ауданы Достық ауылының маңындағы далада шаруалар төбелесіп, атыс қаруы қолданылған. Жанжалдан оқ тиген бір адам қаза тапқан. Полиция қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен екі адамды ұстаған. Олардың бірінен аңшы мылтығы алынғаны хабарланған.