Бүгін Ресейдің Санкт-Петербург қаласында зейнетақы реформасына қарсылық акциясы өтіп жатыр деп хабарлайды Азаттықтың Орыс қызметі.
Шеруге қатысушылар бастапқыда Ленин атындағы алаңға жиналуды жоспарлаған. Бірақ қала билігі қауіпсіздікті алға тартып, жиында ол жерге өткізуге келісім бермей, акцияны Комсомол алаңында өткізуді ұсынған.
Азаттық тілшісі оқиға орнынан екі адамды полиция ұстағаны туралы хабарлады. Наразылық шарасына бірнеше жүз адам жиналған.
Шілдеде Ресей парламенті алдын ала тыңдалымда үкіметтің ресейліктердің зейнетке шығу жасын ұлғайтуды, яғни әйелдер үшін - 63 жас, ал ерлерге - 65 жас деп белгілеу туралы жоспарын мақұлдаған еді.
Бұдан соң Ресейдің ондаған қаласында мыңдаған адам жаппай наразылық акцияларын өткізе бастаған. Қоғамдық сауалнама нәтижелері бойынша, осының салдарынан Ресей президенті Владимир Путиннің рейтингі күрт төмендеген. Путин 29 тамызда өткен тікелей эфир кезінде әйелдердің зейнетке шығу жасын үкімет жоспарлаған сегіз жылдың орнына бес жылға ұзартуды және үш немесе одан да көп балалы аналарды зейнетке ертерек шығаруды ұсынған.