Тәжікстанда президент сынынан кейін ірі кәсіпкер сотталды

"Умед-88" компаниясының басшысы Раджабали Одинаев. 17 қараша 2017 жыл.

Тәжікстанның Жоғарғы соты жергілікті кәсіпкер, "Умед-88" компаниясының басшысы Раджабали Одинаевты 24 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті. Одинаев "ірі көлемде мемлекет қаржысын жымқырды" және "қызметін асыра пайдаланды" деп айыпталып отыр.

Дәл осындай айып тағылған "Умед - 88" компаниясының директоры Идибек Иброхимов 22 жылға бас бостандығынан айырылды.

2017 жылдың күзінде кәсіпкерлермен кездесу өткізген Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, "Умед - 88" компаниясына 170 миллион сомды (шамамен 18,8 миллион долларды) "түсініксіз жолмен берді" деп елдің қаржы министрлігін сынаған еді. Президент "Умед – 88" басшылары екі жыл бойы алған несиені қайтармай отырғанын айтқан. Осыдан кейін кәсіпкерлер қамауға алынды.

Раджабали Одинаевтың адвокаты әзірге ешқандай комментарий бермеді, ал туыстары аппеляциялық шағым түсіретіндерін айтты. Тамыздың 28-і күні соттағы соңғы сөзінде Раджабали Одинаев өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын айтып, өзін босатуын сұраған.

"Умед-88" компаниясын Раджабали Одинаев 1996 жылы құрған. Компания негізінен Ресейден, Қазақстаннан және Түркіменстаннан жанармай жеткізумен айналысады. Тәжікстанда компанияның ондаған жанар-жағармай станциялары бар.