Ресей президенті Владимир Путин «Чеченнефтехимпром» кәсіпорнын Шешенстан меншігіне беру туралы жарлыққа қол қойды. Құжат құқықтық ақпарат порталының ресми сайтында жарияланды.
Бұған дейін кәсіпорын федералдық меншікте еді. Оны "Роснефть" компаниясы жалға алу құқығымен басқарып келген. Путин үкіметке екі айдың ішінде барлық активтерді Шешенстан республикасына өткізіп беруді тапсырған.
2015 жылдың желтоқсанында Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров Владимир Путиннен "Чеченнефтехимпромды" аймаққа беру туралы өтініш жасаған. Путинге жазған хатында Қадыров, бұл жайт «Роснефть» мүддесіне зиян келтірмейтінін атап өткен.
«Интерфакс» агенттігінің хабарлауынша, "Чеченнефтехимпром" иелігінде мыңға жуық мұнай скважинасы, төрт мұнай базасы мен 500 шақырымнан аса мұнай және газ құбыры бар.