2017 жылы әлемде террорлық шабуылдар саны күрт азайды, бұған "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының күйреуі басты себеп. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаментінің 19 қыркүйекте жариялаған терроризм туралы жыл сайынғы есебінде айтылады.
Есептің Қазақстанға қатысты бөлігінде Қазақстанда терроризмге қарсы іс-қимыл туралы нормативтік-құқықтық база жеткілікті екені және ел билігі "экстремизммен" күрес мақсатында діни азшылық топтар мен мұсылмандардың дін ұстану құқықтарын шектейтіні айтылады. Есепте 2017 жылы 11 шілдеде заңға террорлық және "мемлекетке ауыр зардап келтіретін басқа да қылмыстарды" жасағандарға азаматтығынан айыру түрінде қосымша жаза тағайындау туралы даулы өзгеріс енгізілгені айтылады.
Мемлекеттік департамент есебінде Қазақстан соты "экстремизм" мен терроризмді насихаттау, террорлық шабуылға дайындалу және оған арбау істер бойынша көптеген үкім шығарылғаны айтылады. Бірақ ол істердің кейбірінде кінәсін қысым жасау немесе күш көрсету арқылы мойындатқаны туралы шағым жасалған. Баяндама авторлары "экстремизм" айыбымен сотталғандар мен олардың туыстарын оңалту және қоғамға қайта бейімдеу бағдарламары іске асырылып жатқанын, алайда, олардың нәтижесі белгісіз екенін айтады.
Баяндама авторларының пікірінше, биліктің соғыс болған аймақтардан елге оралған ықтимал кейбір содырларға қатысты ұстанымы екіұшты. Есепте бұған қатысты қолданылып жатқан шаралардың бірі олардың кейбірін айықтыруды көздесе, кейбірін қамап, қылмыстық қудалауға алуды көздейтіні айтылған. Қазақстан заңдары бойынша, жалданып соғысқа барғандар және шетелдердегі қарулы қақтығыстарға қатысқандар қылмыстық жауапқа тартылады.
Америкалық сарапшылардың мәліметінше, 2017 жылы әлемде 8 мың 584 теракт болған. Бұл сан 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 23 пайызға аз. Террорлық шабуылдардан 19 мыңға тарта адам қаза тапқан. Шабуылдар жалпы жүз елде жасалған. Террорлық шабуылдар ең көп жасалған бес ел - Ауғанстан, Ирак, Үндістан, Пәкістан және Филиппин. Террорлық шабуылдардан ең көп зардап шеккен Ауғанстанда 4 мың 672 адам құрбан болған.