Қыркүйектің 21-і күні Ақтөбеде республикалық Аналар слеті өтті. Слетке Қазақстанның әр өңірінен қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес үйым мүшелері мен бизнес саласында жүрген мыңнан астам әйел жиналды.
Аналар слеті бүгін Ақтөбеде ашылған "Анаға тағзым" рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығында өтті. Орталық демеушілердің 350 миллион теңге ақшасына салынған.
Ақтөбе облыстық әкімдігінің мәліметінше, бұл жерде болашақ аналарды отбасы құндылығы мен ұлттық дәстүрлерді сақтауға баулиды. Қазірдің өзінде мұнда психология кабинеттері, отбасылық тренингтер өткізетін, музыкалық білім беру, дизайнға баулуға арналған түрлі кабинеттер бар. Орталыққа қазақ тарихындағы белгілі тұлғаларды өмірге әкелген аналардың суреттері де ілінген.
Бүгін кешенде көп балалы аналарға "Алтын алқа" табысталды.
- Бұл кешен - күллі аналардың құрметіне тұрғызылған. Біз бұдан былай "Алтын алқа", "Күміс алқаларды" осында табыс етеміз, - деді "Анаға тағзым" орталығының ашылуында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.