Алматыда республикалық Junior Eurovizion 2018 байқауының ақтық сынында 12 жастағы Данэлия Тулешова озды. Сенбі күні "Хабар" телеарнасынан тікелей эфирде көрсетілген гала-концертке қатысқан үміткерлер арасынан Данэлияға көрермендер мен қазылар алқасы жиынтық 22 ұпай берді. Сөйтіп ол ұлттық іріктеу сынында жеңімпаз атанды.
Данэлия бұл жолы Иван Лопуховтың "Өзіңе сен" әнін орындады. Әннің сөзін жазған - Камила Даирова, Данэлия Тулешова және Артем Кузьменков.
Көрермендер берген дауыс саны бойынша Данэля Тулешова 12 ұпай, Ержан Максим - 10 ұпай жинады.
Ұлттық іріктеу сынына 9-14 жас аралығындағы 10 жас өнерпаз қатысты.
Өткен жылы Данэлия Тулешова украиналық "Голос. Діти" телевизиялық конкурсының жеңімпазы атанған.
Қазақстан биыл алғаш рет балалар арасындағы Eurovision байқауына қатысқалы отыр. Халықаралық өнер конкурсы қарашаның 25-і күні Минск қаласында (Беларусь) өтеді. Оған 20 елдің өкілдері қатысады.