Ақтауда француз режиссері әкімшілік жазаға тартылды

2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы туралы деректі фильм түсірмек болып, Қазақстанда әкімшілік жазаға тартылған француз режиссері Венсан Прадо. Ақтау, 27 қыркүйек 2018 жыл

Ақтау қалалық мамандандырылған әкімшілік соты Франция азаматы, Ligne de Front студиясының режиссері, журналист Венсан Прадоны "Қазақстанның көші-қон заңын бұзды" деп айыптап, 60 мың теңге көлемінде (шамамен 165 АҚШ доллары) айыппұл салды.

Қазақстанның батысындағы Ақтау қаласына 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы туралы деректі фильм түсіруге келген француз режиссерін полиция 27 қыркүйек күні таңертең жергілікті белсенділерден сұхбат алып тұрған жерінен ұстап алып кеткен. Полиция оны облыстық көші-қон полиция басқармасында алты сағат ұстап, үстінен әкімшілік құқық бұзушылық бойынша хаттама толтырған. Ақтау уақытымен сағат 15.30-да сотқа алып барған.

Істі Ақтау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Гүлмира Сүйеуова жүргізді. Ол Азаттық тілшісіне диктофонға жазуға, фото, видеоға түсіруге тыйым салды.

- Сот процесі ашық. Бірақ аудио, видео түсіруге рұқсат жоқ, залда жазба жүріп жатыр. Бірақ ол журналиске берілмейді, - деді ол тілшіге.

Судья Гүлмира Сүйеуова Венсан Прадоны әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 517-бабының 5-тармағына сай "Қазақстанда уақытша жұмыс істеуге рұқсаты болмаса да жұмыс істеген" деп айыптап, 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды.

- 60 мың теңге төлейтін болдым. Қазақстанда аккредитациясы болған соң кез келген тәуелсіз журналист жұмыс істей алады деп ойлағанмын. Бірақ аккредитациям болса да журналистік қызметіме тыйым салды. Осы жағдайға қарап, жұмысшылардың, белсенділердің адам құқықтары мен сөз бостандығының сақталатынына күмәндімін,- деді ол Азаттық тілшісіне соттан соң.

Видео: Венсан Прадоның Азаттық тілшісіне берген комментарийі

Your browser doesn’t support HTML5

Француз режиссері Венсан Прадоның ұсталуы

47 жастағы Венсан Прадо Ақтауға қыркүйектің 26-сы күні кешке келген. Ол үш күн бойы Маңғыстау облысының Жаңаөзен, Шетпе аймақтарына барып, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан кейін жеті жылда не өзгерді деген тұрғыда фильм түсіруді жоспарлаған.

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық журналистер құқығын қорғау ұйымы Қазақстан билігінен француз режиссері Венсан Прадоны шұғыл түрде босатуды талап етті.