Шымкентте дәмханалардың бірінен тамақ ішіп уланып, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының жан сақтау бөлімінде қайтыс болған үш жасар баланың өліміне байланысты аурухананың бас дәрігері қатаң сөгіс алды. Бұл туралы деп Азаттыққа қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қайтыс болған баланың ата-анасының шағымынан кейін ауруханада тексеру жұмыстары жүргізілген. Тексеру қорытындысы бойынша екі медбике жұмыстан босатылған. Тоғыз қызметкерге тәртіптік шара көріліп, сөгіс берілген. Аурухананың бас дәрігері мен емдеу ісі бойынша орынбасарына қатаң сөгіс жарияланып, инфекционист дәрігер қызметінен шеттетілген.
Бұдан бұрын қайтыс болған үш жасар қыздың ата-анасы әлеуметтік желі арқылы Шымкент әкімдігіне жұқпалы аурулар ауруханасын тексеруді сұрап үндеу жасаған. Анасы 8 қыркүйекте қаладағы дәмханалардың бірінен қызымен тамақтанғанын, ертеңінде қызы уланып ауруханаға түсіп, қайтыс болғанын хабарлаған.