Ресей президенті Владимир Путиннің осы аптада Үндістанға сапарында бұл елге 5 миллиард доллардан астам қаржыға С-400 зенит-зымыран кешендерін сату туралы келісімге қол қойылады. Бұл туралы қазанның 2-сі күні Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков мәлімдеді.
Бұған дейін Пентагон Үндістан егер зенит-зымыран кешендерін сатып алса, онда АҚШ-тың Ресейдің әскери және қорғаныс саласына салған санкцияларын бұзатынын ескерткен.
Путин Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің шақыруымен 4-5 қазанда Нью-Делиге сапарлап барады. Мәскеу Үндістанға С-400 зенит-зымыран кешендерін сату туралы келіссөзді бірнеше айдан бері жүргізіп келеді.
Мәскеуде журналистер алдында сөйлеген Юрий Ушаков Ресейдің Үндістанмен әскери салада "дәстүрлі және ұзақ уақыттан бері қарым-қатынас орнатқанын" айтты.
Бірақ Қытайдың Азиядағы әскери әлеуетінің күшеюіне қарсы тұру үшін Нью-Делимен әскери байланысты дамытқысы келетін АҚШ Үндістанның Ресей қару-жарағына тәуелді болғанын қаламайды. Пентагон осыған байланысты Үндістанға С-400 кешендерін сатып алу АҚШ-тың биылдан бастап Ресей қорғаныс саласына салған санкцияларын бұзатынын ескерткен.
Үндістан С-400 кешендерін сатып алу үшін Вашингтоннан санкция салмауын сұрайтынын білдірген. АҚШ Конгрессі биыл президенттің Вашингтонмен қорғаныс саласындағы қарым-қатынасын дамытып жатқан елдерге санкция салмауына мүмкіндік беретін заң қабылдаған.
Америкалық конгрессмендер аталған заңды қабылдаған кезде оның Үндістанға қатысты қолданылатынын меңзегенімен, өткен айда Пентагонның жоғары шенді өкілі Нью-Делиге санкция салынбайтынына кепілдік жоғын ескерткен.