3 қазанда Ақтөбеде "автобус өрті ісі" бойынша сот отырысы жалғасты. Отырыста Ақтөбе облысындағы автобус өртінен қаза болған өзбекстандық 52 азаматтың туысқандары марқұмдардың әрқайсы үшін 150 миллион теңге өтемақы талап етті.
Ақтөбеде өтіп жатқан сотқа жәбірленушілердің кейбірі Түркістан облысы Сарыағаш ауданынан видео арқылы қосылып жүр. 3 қазандағы отырысқа Сарыағаштан Өзбекстанның Наманган облысынан келген жәбірленушілер - Абдулложон Хатамов пен Мирзабдулла Мадраxимов байланысқа шықты. Олар өздерімен бірге 22 жәбірленушінің қолы қойылған өтініш xатты ала келген. Хатта жәбірленушілер соттан айыпталушыларға ең қатаң жаза қолдануды, материалдық-моралдық шығын өндіріп беруді өтінген.
Жәбірленуші тараптың 150 мың теңге өтемақы туралы арыздарын естіген сотталушылардың туыстары бұл талаппен келіспеді.
Биыл қаңтардың 18-і күні таңертең Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Қалыбай ауылынан 10 километр қашықта Шымкент-Самара жолында жолаушылар автобусы өртенген. Билік орындарының хабарлауынша, автобуста барлығы 57 адам болған, олардың 52-сі қазаға ұшыраған. Құрбан болғандардың барлығы – Өзбекстан азаматтары. Екі жолаушы мен үш жүргізуші аман қалған.
Бұл қылмыстық іс бойынша сот алдында бес адам жауап береді. Оның үшеуі – автобус жүргізушісі, екеуі – "Азия транзит сервис" фирмасының құрылтайшысы мен механигі. Автобус жүргізушілері – Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков пен Барат Таңатов 2018 жылдың 26 қаңтарынан бері Ақтөбедегі тергеу изоляторында отыр. Оларға "өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзды және "жол ережесі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзды" деген айып тағылған. Ал "Азия транзит сервис" компаниясының жетекшісі мен механигі кепіл төлеп, ешқайда шықпау туралы қолхатпен босатылған.
Тергеу дерегінше, фирма құрылтайшысы "заңды тұлға ретінде өз міндеттерін тиісті түрде атқармады, жарамсыз көлік құралын пайдалануға берді және құжатты қолдан жасады" деп айыпталған. Ал механикке "ақауы бар автобусты жолға шығарды" деген.