Маңғыстау облыстық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне түскен №6656 әскери бөлімінің 13 сарбазының бірі комада жатыр. Облыстық денсаулық сақтау департаменті бұған дейін тараған "сарбаздар менингит ауруына шалдыққан" деген ақпаратты жоққа шығарып отыр.
Ақтау қаласындағы №6656 әскери бөлімінің сарбазы Бауыржан Есқожиев 30 қыркүйекте дене қызуы жоғарылап, Маңғыстау облыстық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне аса ауыр халде түскен. Оған алдын ала менингит диагнозы қойылған. Кейін қазанның 3-і күні тағы 12 сарбаз осыған ұқсас белгілермен ауруханаға жеткізілген.
Брифингте сөйлеген дәрігерлердің айтуынша, Бауыржан Есқожиевтің жағдайы өте ауыр. Ол бес күннен бері комада жатыр.
- Оған аса ауыр іріңді менингоэнцефалит диагнозы қойылып отыр. Ол ауыр халде ми комасында жатыр, - деді Маңғыстау облысының бас штаттан тыс инфекционисі Гүлбану Нұржанова.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау департаментнің қызметкері Бекмұрат Өтесінов бұл аурудың менингит еместігін, сондықтан ешкімге жұқпайтынын ескертті.
№6656 әскери бөлімінің эпидемиологы Қуаныш Нұрмаханбетовтің сөзінше, комада жатқан сарбаз 25 қыркүйектен бері өзін нашар сезінген.
- Жұқпалы тұмау ауруы мен іріңді менинго-энцефалит ауруының белгілері ұқсас. Денесі бөртіп тұрды. Біз оны аллергиялық препараттамен емдедік, бірақ кейін оның жағдайы нашарлап кетті, - деді ол.
22 жастағы Бауыржан Есқожиев Ақтөбе қаласының тумасы. Ол былтырғы қаңтардан бері Ақтаудағы №6656 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жатыр. Ауруханаға түсердің алдында әскери бөлім сарбазы арасында кезекті оқу-жаттығулары өткен.