Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Астанада "халық тұтынатын тауарларды" шығаратын кәсіпорындарды қолдау керегін айтып, "қарапайым тауарлар экономикасын" дамытуды ұсынды.
"Халық тұтынатын тауарларды шығаратын уақыт жетті. Біз мұны ұмыттық. Бізде костюм де, көйлек те шығаруға болады. Қазір отандық тауарды қолдау керек" деді Назарбаев залда өзінің Қазақстан халқына жолдауын тыңдап отырған үкімет мүшелері мен депутаттарға қарата. Назарбаев Қазақстан азаматтары қымбатқа импорт тауарларын тұтынғанды жөн көретінін айтты. "Қазақстандықтар байи түсті, тіпті бағасына қарамайды" деді президент.
Қазақстан президентінің сөзінше, үкімет импортқа тәуелділікті азайту үшін тауар экспорттауға бағытталған экономика құрып, ел ішіндегі тауар өндірісін біртіндеп ұлғайту шараларын қабылдауы керек.
"Біз сауда саясатымыздағы әлсіздікті доғаруымыз керек... Беларусь өзінікін қалай қорғайтынын білесіздер. Қырғызстан қалай күресті. Біздікілер үндемейді, ешкіммен дауласпайды. Себебі жоғары басшылық қана дауласатынына үйреніп алған. Әркім өз міндетін орындап, біздің бизнесті қорғауы тиіс және олардың басқа елдерге өтуіне жұмыс істеуі керек" деді Назарбаев.
Президент алдағы үш жылда өңдеуші өнеркәсібін қолдауға қосымша 500 миллиард теңге (1,35 миллиард доллардан астам) бөлу керегін айтты.