Бейбітшілік саласы бойынша биылғы Нобель сыйлығы конголық Денис Муквеге мен ирактық құқық қорғаушы Надя Мурадқа берілді. Олар бұл сыйлықты қарулық қақтығыс кезіндегі сексуалдық зорлық-зомбылықты тоқтатқаны үшін алды. Нобель сыйлығының Норвегиялық комитеті лауреаттарды 5 қазанда жариялады.
Надя Мурад 2014 жылы Иракта мыңдаған эзидпен "Ислам мемлекеті" (ДАИШ) террорлық тобының тұтқынына түсіп, құлдықта болған. Үш айдан кейін тұтқыннан құтылып, мыңдаған босқынмен Германияға қашып кеткен. Қазір Германияда тұрып жатыр. Надя Мурад 2016 жылы БҰҰ-ның құлдыққа сатылғандардың құқығын қорғау бойынша елшісі болып тағайындалған. Ол- ИМ тобының Ирак әйелдеріне жасап жатқан қысымы туралы жиі көтерген белсенді.
Денис Муквеге - конголық гинеколог. Елдегі қарулы қақтығыс кезінде зорлыққа ұшыраған қыздар мен әйелдерді емдеумен айналысқан.
Биылғы сыйлық иегерлері 1 миллион доллар көлемінде сыйақы алады. Бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығына биыл барлығы 331 үміткер болған.
Бұған дейін физика саласы бойынша сыйлықты азерлік технология саласында "жаңашыл зерттеулер" жүргізген америкалық Артур Эшкин, француз Жерард Мору және канадалық ғалым Донна Стрикленд алған.
Медицина бойынша Нобель сыйлығы америкалық ғалым Джеймс Аллисон және Тасуку Хондзёге берілген. Екі ғалым рак жасушаларының дамуын баяулататын әдістер ойлап тапқан.
Ал химия саласы бойынша Нобель сыйлығы биыл ғалым Фрэнсис Арнольд, Джордж Смит және Грегори Уинтерге берілген. Фрэнсис Арнольд бұл сыйлыққа ферменттер эволюциясы саласында жүргізген зерттеулері, ал Джордж Смит пен Грегори Уинтер пептид пен антиденені зерттегені үшін лайықты деп танылған. Бұл ғалымдардың зерттеулері жасушалар мен микробтардың үш өлшемді кескінін өте жоғары сапада жасауға мүмкіндік береді.
Экономика саласы бойынша Нобель сыйлығының иегерлері келесі аптада жарияланады. Ал әдебиет саласы бойынша сыйлық биыл берілмейді.
Нобель сыйлығын швед өнертапқышы әрі өнеркәсіпші Альфред Нобель тағайындаған. Бұл сыйлық пен оның бір миллион долларға жуықтайтын ақшалай жүлдесі Альфред Нобель қайтыс болған күн - 10 желтоқсанда табысталады.