Ингушетияда Шешенстамен жер алмасуға қарсы наразылық акциясы жалғасып жатыр. Ондаған адам Магас қаласындағы республика парламенті ғимараты алдында түнімен тұрды. "Жергілікті тұрғындар оларға тамақ пен жылы киім берген" деп хабарлады "Кавказский узел" басылымы.
Ингушетия басшысы Юнус-Бек Евкуров кеше кешке акцияға жиналғандарды тарауға, парламент ғимараты алдындағы алаңнан балалар мен қарттарды алып кетуге шақырды. "Ертең олардың болғанын білмедік деп жүрмеңдер. Мені тыңдап, түсіністікпен қарауды өтінем" деп мәлімдеді Евкуров.
Бұның алдында Ингушетия басшысы мен Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров аймақтар арасындағы шекараны бекітетін заңға қол қойған. Құжат республикалар арасында адам тұрмайтын бірқатар жерді алмастыруды қарастырады. Бірақ ингуштардың көбі жер алмасу шарты тең емес деп есептейді.
Бұл заңды парламентте талқылау кезінде Магаста наразылық акциясы болды. Оған мыңдаған адам қатысты. Полиция әуеге оқ атты. Республиканың Конституциялық соты наразы халықтың жағына шығып, Шешенстанмен келісім жөнінде референдум өткізу қажет деп мәлімдеді.
Қадыров бұның алдында ингуштерді наразылық акциясын тоқтатуға шақырған. "Соғысар болсақ, мен оған да даярмын" деп мәлімдеген Шешенстан басшысы.