Латвияда қазанның 6-сы күні өткен парламент сайлауында оппозициялық "Согласие" социал-демократиялық партиясы алға озды. Экзитпол қорытындысы бойынша, оған сайлаушылардың 19,5 пайызы қолдау білдірген. Екінші орындағы "Даму" либералдық партия 13,5 пайыз дауысқа ие болған. "Барлығы Латвия үшін" ұлттық бірлестігі - 12,6 пайыз, популистік KPV LV партиясы – 11,5 пайыз дауыс жиған.
Қазіргі үкімет жетекшісі Марис Кучинскистің "жасылдар" мен шаруалар одағына сайлаушылардың 9,7 пайызы дауыс берген. "Бірлік" партиясы жеті пайызға жуық дауыс алған. Сайлауға қатысқан тағы тоғыз партия бес пайыздық межені еңсере алмағандықтан парламентке өтпей қалған. Латвия парламенті – Сейм сайлауына дауыс беруге сайлаушылардың 51,3 пайызы қатысқан.
Қазір билікте отырған үш партияның ("Бірлік", "жасылдар" мен шаруалар одағы, "Барлығы Латвия үшін") коалициясы 29,2 пайыз дауысқа ие болған. Билікті сақтап қалу үшін оларға коалиция қатарына тағы бір партияны тарту қажет болады.
Оппозициялық "Согласие" партиясы мерзімі аяқталып отырған парламенттегі 100 орынның 24-ін иеленген болатын. Бұл 2010 жылы құрылған ең ірі парламенттік фракция. Өткен уақыт ішінде партия Латвиядағы орыстілді тұрғындардың мүддесін қорғады.
Оппоненттері ұл партияның Кремльмен байланысы барын айтады және мысал ретінде Ресей билігіндегі "Единая Россия" партиясымен 2009 жылы бекіткен келісімді келтіреді. Былтыр күзде бұл келісім бұзылған деп мәлімдеді латвиялық баспасөз құралдарына "Согласия" партиясы басқармасының төрағасы әрі ел астанасы Рига қаласының мэрі Нил Ушаков.