Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясының (ЕКПА) құқық қорғау саласында тағайындаған Вацлав Гавель атындағы сыйлығы Ресейдегі "Мемориал" құқық қорғау орталығының Грозныйдағы филиалының басшысы Оюб Титиевке берілді. Бұл туралы 8 қазан күні ЕКПА-ның Страсбургте ашылған сессиясында ассамблея төрайымы Лилиан Мори Паскье мәлімдеді.
Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясының мінберінен Оюб Титиевтің үндеуі оқылды. Үндеуде құқық қорғаушы Шешенстанда "жасаған қылмысы үшін жазаланбай қалу" оқиғасы көбейгені, қолдан жасалған қылмыстық істер арқылы адамдарды азаптап, жәбірлейтіні туралы айтқан. Титиев өзін қылмыстық қудалауды Шешенстандағы соғыс кезінде із-түзсіз жоғалғандарды іздеу және адамдардың өліміне кінәлілерді анықтау қызметі үшін кек алу деп атайды. Ол кісі қолынан қаза тапқан құқық қорғаушы Наталья Эстемированың тағдырын еске салады.
Шешенстанда биыл қаңтардың 9-ында ұсталып, "заңсыз есірткі сақтаған" деген айып тағылған Оюб Титиев содан бері қамауда отыр. Ол өзіне билік өкілдері әдейі есірткі тастап, ойдан құрастырылған айып тағып отыр деп мәлімдейді. Қазір Шешенстанда оның үстінен сот жүріп жатыр. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары, ресейлік оппозициялық саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері билік орындарын Оюб Титиевті босатуға бірнеше рет шақырған.
Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясында парламент жұмысының регламентін өзгерту туралы қарар жобасы қаралады. Қарар қабылданса, онда Қырым аннексияланғаннан кейін Ресей парламенті делегациясының Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясында жұмыс істеуіне салынған шектеу алынып тасталуы мүмкін. Ресей бұған дейін егер делегаттарына Еуропа кеңесінің сессиясында дауыс беру құқығы қайтарылмаса, онда кеңес құрамынан шығатынын мәлімдеген. Украина Ресей делегациясына дауыс беру құқығын қайтаруға қарсы.