Украинаның Чернигов облысында 9 қазан күні таңертең қару-жарақ қоймасында жарылыс болды. Украина қарулы күштері бас штабының Facebook-те хабарлауынша, қоймадағы жарылыстан соң маңайда тұратын 10 мыңға тарта тұрғын эвакуацияланды. Жарылыстан ешкім зардап шеккен жоқ. Қоймада 88 мың тонна қару-жарақ пен оқ-дәрі сақталған.
Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Виктор Муженко жарылыс аймағында жүргенін, жарылыс салдарын жою шаралары жасалып жатқанын хабарлады.
Украина Орталық әскери округінің әскери прокуратурасы қоймадағы жарылысқа қатысты "әскери қызметіне немқұрайлы қарау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
Украинада бұған дейін де қару-жарақ қоймаларында жарылыс болған. Былтыр наурызда Харьков қаласына жақын қару-жарақ қоймасында болған жарылыс пен өрттен радиусы 20 километр жерден 20 мыңға тарта адам эвакуацияланған. Былтыр қыркүйекте Винница қаласының түбіндегі артиллериялық оқ-дәрілер сақталған қойма өртеніп, 30 мыңнан астам адам эвакуацияланған.
Украина билігі бұл жарылыстарды "саботаж" деп атап, үкімет елдің қару-жарақ қоймаларын күзету үшін 3,6 миллион доллар бөлген.