Алматыда жазушы Шерхан Мұртазамен қоштасты

Жазушы Шерхан Мұртазамен қоштасу рәсімі. Алматы, 11 қазан 2018 жыл.

Алматыда қазанның 11-і күні Әуезов атындағы академиялық драма театрында халық жазушысы Шерхан Мұртазамен қоштасу рәсімі өтті.

Қоштасуға марқұмның туыстары, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, әкімдер мен министрлер, парламент депутаттары қатысты. Жиында мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың марқұмның қазасына байланысты көңіл айту жеделхатын оқып берді. Жиында Алматы әкімі Бауыржан Байбек, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, энергетика министрі Қанат Бозымбаев, мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов сөз сөйлеп, марқұмға қатысты естеліктерін айтты.

Жазушы Шерхан Мұртаза қазанның 9-ы күні 86 жасында дүниеден өтті. Ол 1932 жылы Жамбыл облысына қарасты Жуалы ауданында дүниеге келген. 55 жылы Мәскеудегі Ломоносов университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. "Лениншіл жас", "Социалистік Қазақстан" газеттерінің редакторы, Қазақстан мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы қызметтерін атқарған. Қазақстанның жоғарғы кеңесінде, кейін парламент мәжілісінде депутат болған. Жазушы "Қызыл жебе", "Тамұқ", "Ай мен Айша", "Қара маржан" тәрізді бірнеше роман жазған. Одан бөлек ондаған әңгіме-повестері бар.

Марқұмды Алматыдағы Кеңсай зиратына жерлейді.

Шерхан Мұртазамен қоштасудан тікелей эфир: