Чехияда діни себеппен босқын мәртебесін алған қазақ Мурат Бакраев Германияның тергеу изоляторларының бірінде қамауда отыр. Бұл туралы Азаттыққа Бамберг қаласы прокуратурасы хабарлады.
Бамберг прокуратурасының Азаттыққа берген жауабында "Бакраев Қазақстан тарапының сұрауы бойына ұсталғанын, Бакраев ісі алдағы уақытта Бамберг сотында қаралатынын" жазған.
Мурат Бакраевтың жақындары оны 15 қыркүйекте Чехиядан Германияға бара жатқан жолда ұстағанын айтты. Әйелі кейін Германия полициясынан хат алған. Хатта "Бакраевтың шетелде террорлық ұйым құруға қатысты тергеуге байланысты" ұсталғанын, қазір Хоф қаласындағы тергеу изоляторында қамауда отырғаны жазылған.
37 жастағы Бакраевтың ұсталуына қатысты Азаттық Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми хат жолдаған. ҰҚК Азаттық сауалына: "Қазақстан Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмеуге тиіс. Ақпарат тергеп-тексеру мүдделеріне қайшы келмесе және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға байланысты болмаса, прокурордың рүқсатымен қандай көлемде жария ету мүмкін деп танылса, сол көлемде жария етілуі мүмкін. Осыған байланысты, сұрау салынған мәселе бойынша мәлімет беру мүмкін болмай отыр" деп жауап берді.
Әйелінің айтуынша, олар Чехияға 2005 жылы келген. Ал Бакраев 2006 жылы Чехияда діни себеп бойынша босқын мәртебесін алған. Әйелі қазір үш баласымен Чехия азаматты екенін айтады. Әйелінің сөзінше, Бакраев тоғыз жылдай Чехиядағы машина зауыттарының бірінде жұмыс істеген. Ал ұсталғанға дейін автосервистердің бірінде қызмет етіп жүрген. Әйелінің айтуынша, ол Еуропа аумағына келгелі "бірде-бір рет заң бұзбаған".
Бакраевтың отбасы оның Қазақстанда діни сеніміне бола қысым көргенін, сол себепті Чехияға кетуге мәжбүр болғанын айтады. Бакраевтың жақындары айыптаумен келіспейді және Германия полициясы оны Қазақстанға депортациялап жібере ме деп қауіптенеді.
Жақындарының айтуынша, Бакраевтың Қазақстан паспортының уақыты біткен. Олар Бакраевты Қазақстан азаматтықтан шығарды ма, әлде шығармады ма білмейтіндерін айтады. Қазір Бакраевтың қолында Чехия берген босқын екенін дәлелдейтін құжаты бар.