Ақтаудағы №8 орта мектептің 8-сынып оқушылары сыныптасын жұмыртқа лақтырып "құттықтағаны" үшін олардың ата-аналары жауап береді. Бұл туралы қазанның 11-і күні Ақтау қалалық білім бөлімінің басшылығы хабарлады.
Өткен аптада әлеуметтік желіде Ақтаудағы мектептердің бірінде бағанға скотчпен байланған жасөсіпірімге құрбылары жұмыртқа лақтырып жатқаны туралы видео тараған. Видеода бала жылап тұрған.
№8 мектеп директоры Әселхан Есжанованың айтуынша, бұл - соңғы кезде жасөсіпірімдердің арасында тарап кеткен "туған күнде бір-біріне осындай тосын сый жасау дәстүрі".
- Бала мектепке сол күні спорттық киіммен келген. Ол 14 жасқа толғандықтан оны скотчпен он төрт мәрте орап, оған жұмыртқа лақтырған. Жұмыртқа басына қатты тигендіктен ол жылаған, - дейді мектеп директоры.
Бұл жағдайды басқаша бағалаған Ақтау қалалық ювеналдық полиция бөлімшесінің аға полицейі Эльмира Қасанова бір-бірімен әзілдескен жасөсіпірмдердің ата-аналары Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127-бабына сәйкес "өз міндетін дұрыс атқармағаны" үшін жауапқа тартылатынын мәлімдеді.
- Ешкім шағымданған жоқ. Құқық бұзушылық жоқ. Бірақ балалар құқығын қорғау комиссиясы қараған соң іс сотқа жолданады. 15 айлық есептік көрсеткішке тең (36 мың теңге) айыппұл салынуы мүмкін, - деді ол.
Ақтау қалалық білім бөлімінің бастығы Светлана Төлебаеваның айтуынша, жасөспірімдер арасындағы мұндай әзілдер Еуропадан тарап жатыр.
- Ата-аналары бұл балалардың өзара ойындары екенін айтады. Бірақ балалар әзілдегенде де абай болуы тиіс. Олар мектепішілік есепке алынды. Бірақ ешқандай арызданып отырған жоқ, - деді Төлебаева.
Жасөспірімдер әзіліне комментарий беруге келгендердің ешқайсысы Азаттық тілшісінің "Құқық бұзушылық болмаса не үшін балалар мен олардың ата-аналары жазалануы тиіс?" деген сауалына нақты жауап бермеді.
"Әлеуметтік желіде тараған соң реакция білдіруіміз керек" деді қалалық білім бөлімінің бастығы.