Украинаның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі (СНБО) үкіметке Қара теңіз бен Азов теңізінде Ресеймен мемлекеттік шекараны ажырату туралы заңдар жобаларын дайындауды тапсырды. Кеңес мұндай тапсырыс беруіне ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер және Ресейдің «агрессиялық іс-әрекеттері» негіз болды деп түсіндіреді.
Бұған дейін Украина президенті Петр Порошенко Азов теңізіндегі ахуалға байланысты Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуге шақырған. Оның сөзінше, Қырым түбегіне Керчь бұғазы арқылы апаратын көпір құрылысын аяқтағаннан кейін Ресей украиналық және халықаралық кеме қатынасына бөгет жасай бастаған.
"Қырым оккупациясынан кейін енді Азов теңізін оккупациялау жүріп жатыр. БҰҰ-ның теңіз құқығы жөніндегі Конвенциясына сәйкес, ондай дөрекі іс-әрекеттерді заңсыз деп танып, қабылдамау керек. Олар қатаң жауапты, соның ішінде санкциялар мен өзге де шараларды қажет етеді", - деген Порошенко.