Ингушетия билігі наразылық акциясын өткізуге екі күн берді

Шешенстанмен арадағы шекара туралы жасалған келісімге наразылар. Магас қаласы, Ингушетия, қазан, 2018 жыл.

Ресей құрамындағы Ингушетияның үкіметі Шешенстанмен шекара туралы келісімге қарсы Магас қаласында қазанның 16-сы мен 17-сі күндері митинг өткізу бойынша шешім қабылдады деп хабарлады республика үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған "Интерфакс" агенттігі.

"Бұған дейін Ингушетиның "Ингуш халқының тейптер кеңесі" аймақтық қоғамдық қозғалысы қазанның 16-сынан 25-іне дейін көпшілік шара өткізу туралы хабарлама жолдаған. Үкімет оны қарап, акцияны екі күн өткізуге келісім беру туралы шешім қабылдады» деген агенттік сөйлескен адам.

Қолданыстағы федералдық және республикалық заңдарға сәйкес, акция өткізуге сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін шекті уақыт беріледі. Іс жүзінде шеруге шыққандар акциясын тәулік бойы өткізіп жатыр.

Ингушетия жетекшісі Юнус-Бек Евкуров пен Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров қыркүйектің 26-сы күні екі аймақ арасындағы әкімшілік шекараны бекіту туралы келісімге қол қойған. 1991 жылы Шешен-Ингуш АССР-і таратылғалы екі аймақ арасындағы шекара нақты белгіленбеген болатын. Құжатта өзара жер алмасу туралы баптар бар.

Ингуш белсенділері жер алмасу әділ емес, бұл құжат Ингушетияның мүддесіне нұқсан келтіреді деп біледі.

Ұйымдастыру комитетінің мүшелері наразы жұрттың қойған талаптарын талқылау үшін қазанның 16-сы күні Ресей президентінің Солтүстік Кавказ федералдық округі бойынша өкілі Александр Матовниковпен кездеспекші.