АҚШ президенті Дональд Трамп саудиялық оппозициялық журналист Жамал Хашоггидің қалыңдығы Хатиже Женгизді Ақ үйге шақырған. Бұл туралы Трамп Түркия билігі бостандық берген пастор Эндрю Брансонмен Ақ үйде кездескен кезде мәлімдеген. The New York Times газетімен әңгіме кезінде Хатиже Женгиз егер Вашингтон Хашоггидің жоғалуын тергеуге көмектесетін болса, онда АҚШ президентінің ұсынысын қарастыратынын айтқан.
Жамал Хашогги қазанның 2-і күні Стамбулдағы Сауд Арабиясы консулдығы аумағына кіргеннен кейін жоғалып кеткен. Женгиздің сөзінше, журналисті консулдықтың алдында бес сағат бойы күткен қалыңдығына кейін дипломатиялық мекеме қызметкері "Хашогги кетіп қалды" деп хабарлаған. Содан бері Жамал Хашоггиді ешкім көрмеген.
Америкалық басылымға берген сұхбатында Женгиз Хашоггидің тірі екендігіне күмәні барын айтқан. Оның сөзінше, журналист "Сауд Арабиясы халқының бостандығы үшін күресте өмірін қиған".
Түркия билігі өкілдері консулдыққа барған журналисті "өлтірген болуы мүмкін" деп топшылайды. Сауд Арабиясы билігі оны жоққа шығарады.
Бұған дейін АҚШ сенатының халықаралық істер жөніндегі комитеті "Магнитский актісі" аясында Эр-Риядқа санкциялар енгізуді талап еткен. Трамп егер Хашоггидің ықтимал қазасына қатысы бары анықталса, онда Сауд Арабиясына қарсы қатаң жаза қолдануға уәде берген.
Al Arab News телеарнасы директоры болып істеген Жамал Хашогги көптеген араб және батыс басылымдарымен әріптестік байланыста болған. Мақалаларында ол Эр-Риядтың қазіргі жүргізіп отырған саясатын сынаған.