Орыс православие шіркеуінің басшылары 15 қазанда Минскіде синод (шіркеу басшыларының жиыны) өткізуге жиналды. Синодты Орыс православие шіркеуінің басшысы, Мәскеу патриархы Кирилл Константинополь православие шіркеуінің Киелі Синоды (немесе Бүкіләлемдік патриархат) Украина православие шіркеуіне автокефалия беруіне байланысты шақырып отыр.
Константинополь патриархы Варфоломей қазанның 11-і күні Украина православие шіркеуіне өзін-өзі басқару құқығы - автокефалия беруге шешім қабылдаған.
Орыс православие шіркеуі Бүкіләлемдік патриархаттың бұл шешімін "қауіпті" әрекет деп атаған.
Кирилл Минскіде 13 қазан күні "Бұл жиын өте маңызды болайын деп тұр. Синодта Украинадағы жағдайларға байланысты бірқатар шешім қабылданады. Православие шіркеуі дағдарысты еңсеріп, тұтастығын сақтап қалу жолын табады деп үміттенемін" деген.
Патриарх Кириллдің баспасөз хатшысы бұған дейін Варфоломейдің шешіміне қатысты "қатаң және тиісті" жауап берілетінін мәлімдеген.
Қазанның 13-і күні Орыс православие шіркеуінің ішкі мәселелер бойынша бөлімінің басшысы митрополит Иларион "Россия 24" телеарнасына Бүкіләлемдік патриархаттың шешімі Мәскеу патриархатын "Варфоломеймен одағын бұзуға мәжбүрлегенін" айтқан.
Бұл жағдай 12 қазанда Ресей қауіпсіздік кеңесінің президент Владимир Путинмен өткен жиынында талқыланды. Кремль бұдан бұрын Украинадағы жағдайға алаңдап, Ресей Украинадағы православтардың мүдделерін қорғайтынын айтқан.
Ал Киевте кеше мыңдаған адам орталық алаңға жиналып, патриарх Варфоломейдің Украина православие шіркеуіне автокефалия беру шешіміне алғыс білдіріп, құлшылық жасады.