Билл Гейтспен бірге Microsoft компаниясын құрған Пол Аллен 65 жасында лимфа түйіндерінің қатерлі ісігінен қайтыс болды.
Билл Гейтс пен Пол Аллен 1975 жылы дербес компьютерді дамытқан Microsoft компаниясын құрған. Компанияның атын Пол Аллен ұсынған. Іскер программистер құрған операциялық жүйе бірнеше жыл компьютер саласында кеңінен қолданылып, дербес компьютердің жаппай қолданысқа енуіне жол ашқан.
Пол Аллен 1983 жылы алғаш қатерлі ісікке шалдыққаны анықталған соң компаниядан кеткен. Дертінен емделген Аллен Microsoft компаниясындағы акциялары арқасында мультимиллиардер атанып, инвестициялық қызметпен айналыса бастаған. Ол Stratolaunch ғарыштық транспорт компаниясын, жасанды интеллектіні зерттеу институтын, биоғылымдар институтын құрған. Кәсіби баскетбол және футбол командаларының иесі болған.
Инвестициялық қызметте бірнеше рет сәтсіздікке ұшырағанына қарамастан, Пол Алленнің дәулеті 20 миллиард долларға бағаланады. Миллиардер оның 2 миллиардын қайырымдылыққа жұмсаған. 2014 жылы ол Эбола вирусымен күреске 100 миллион доллар, 2016 жылы Сиэтлде үй-күйсіз адамдарды баспанамен қамтамасыз етуге 30 миллион доллар бөлген.
"Пол Аллен адал серігім болды. Ол болмағанда, мына әлемде дербес компьютер де болмас еді" делінген Билл Гейтстің мәлімдемесінде.